СОҢҒЫ ПАЙДАЛАНУШЫНЫҢ ЛИЦЕНЗИЯЛЫҚ КЕЛІСІМІ

МАҢЫЗДЫ:

БАҒДАРЛАМАЛЫҚ ҚҰРАЛДЫ ҚОЛДАНУДАН БҰРЫН, ОСЫ СОҢҒЫ ПАЙДАЛАНУШЫНЫҢ ЛИЦЕНЗИЯЛЫҚ КЕЛІСІМІН («ЛИЦЕНЗИЯЛЫҚ КЕЛІСІМ») МҰҚИЯТ ОҚЫП ШЫҒЫҢЫЗ. БАҒДАРЛАМАЛЫҚ ҚҰРАЛДЫ ҚОЛДАНҒАН КЕЗДЕ, ОСЫ ЛИЦЕНЗИЯЛЫҚ КЕЛІСІМНІҢ ШАРТТАРЫН ҚАБЫЛДАҒАН БОЛЫП ЕСЕПТЕЛЕСІЗ. ОСЫ ЛИЦЕНЗИЯЛЫҚ КЕЛІСІМ ШАРТТАРЫН ҚАБЫЛДАМАСАҢЫЗ, БАҒДАРЛАМАЛЫҚ ҚҰРАЛДЫ ҚОЛДАНУЫҢЫЗҒА БОЛМАЙДЫ.


Осы Лицензиялық келісім — сіз және Sony Corporation («SONY») арасында жасалған заңды келісім. Осы Лицензиялық келісім SONY компаниясының және/немесе оның үшінші тарап лицензия берушілерінің (оның ішінде SONY компаниясының еншілестері) және олардың тиісті еншілестерінің (барлығы бірге «ҮШІНШІ ТАРАП ЖАБДЫҚТАУШЫЛАР» деп аталады) SONY бағдарламалық құралына, сондай-ақ SONY компаниясы ұсынған кез келген жаңартуларға/жетілдірулерге, мұндай бағдарламалық құралға арналған кез келген баспа, онлайн және басқа электрондық құжаттамаға, оған қоса мұндай бағдарламалық құралды қолдану арқылы жасалған кез келген дерек файлдарына (барлығы бірге «БАҒДАРЛАМАЛЫҚ ҚҰРАЛ» деп аталады) қатысты сіздің құқықтарыңыз бен жауапкершіліктеріңізді реттейді.


Жоғарыдағыға қарамастан, БАҒДАРЛАМАЛЫҚ ҚҰРАЛ құрамындағы бөлек соңғы пайдаланушының лицензиялық келісімі (оның ішінде GNU қоғамдық лицензиясы және қолданысы шектеулі/кітапханаларға арналған қоғамдық лицензиясы (бұлармен шектелмейді)) бар кез келген бағдарламалық құрал осы Лицензиялық келісімнің шарттарына қарамастан, сондай бөлек соңғы пайдаланушының лицензиялық келісімі талап еткен мөлшерде сол бөлек келісімнің шарттарына бағынады («ШЫҒАРЫЛЫП ТАСТАЛҒАН БАҒДАРЛАМАЛЫҚ ҚҰРАЛ»).

БАҒДАРЛАМАЛЫҚ ҚҰРАЛ ЛИЦЕНЗИЯСЫ

БАҒДАРЛАМАЛЫҚ ҚҰРАЛ лицензия бойынша қолданылады, ол сатылмайды. БАҒДАРЛАМАЛЫҚ ҚҰРАЛ авторлық құқықпен, сондай-ақ басқа зияткерлік меншік туралы заңдармен және халықаралық келісімшарттармен қорғалады.

АВТОРЛЫҚ ҚҰҚЫҚ

БАҒДАРЛАМАЛЫҚ ҚҰРАЛҒА (оның ішінде БАҒДАРЛАМАЛЫҚ ҚҰРАЛҒА кіріктірілген кез келген кескіндер, фотосуреттер, анимация, бейне, аудио, музыка, мәтін және «апплеттер» (бұлармен шектелмейді)) қатысты барлық құқықтар және мүліктік құқықтар — SONY компаниясының немесе бір не одан көп ҮШІНШІ ТАРАП ЖАБДЫҚТАУШЫЛАРДЫҢ жеке меншігі.

ЛИЦЕНЗИЯ БЕРУ

SONY компаниясы сізге БАҒДАРЛАМАЛЫҚ ҚҰРАЛДЫ тек сіздің үйлесімді құрылғыңызға («ҚҰРЫЛҒЫ») қатысты және жеке, коммерциялық емес түрде қолдануға шектеулі лицензия береді. SONY компаниясы және ҮШІНШІ ТАРАП ЖАБДЫҚТАУШЫЛАР осы Лицензиялық келісім бойынша сізге БАҒДАРЛАМАЛЫҚ ҚҰРАЛҒА қатысты анық берілмеген барлық мүліктік құқықтарды (оның ішінде барлық зияткерлік меншік құқықтары (бұлармен шектелмейді)) анық түрде сақтайды.

ТАЛАПТАР МЕН ШЕКТЕУЛЕР

БАҒДАРЛАМАЛЫҚ ҚҰРАЛДЫ толығымен немесе жартылай көшіруге, жариялауға, бейімдеуге, қайта таратуға, бастапқы кодын алуға әрекет жасауға, өзгертуге, кері жобалауға, декомпиляциялауға не бөлшектеуге немесе, туынды өнімдерді жасау үшін БАҒДАРЛАМАЛЫҚ ҚҰРАЛ оған арнайы мүмкіндік бермесе, БАҒДАРЛАМАЛЫҚ ҚҰРАЛДАН ешқандай туынды өнімдерді жасауға болмайды. БАҒДАРЛАМАЛЫҚ ҚҰРАЛДЫҢ цифрлық құқықтарды басқару функцияларының ешқайсысын өзгертуге немесе оларға араласуға болмайды. БАҒДАРЛАМАЛЫҚ ҚҰРАЛДЫҢ ешбір функциясын не қорғану мүмкіндігін немесе БАҒДАРЛАМАЛЫҚ ҚҰРАЛҒА байланысты ешбір механизмді айналып өтуге, өзгертуге не бұзуға болмайды. SONY компаниясы анық рұқсат бермеген болса, БАҒДАРЛАМАЛЫҚ ҚҰРАЛДЫҢ кез келген жеке құрамдас бөлігін бірнеше ҚҰРЫЛҒЫДА қолдану үшін бөлуге болмайды. БАҒДАРЛАМАЛЫҚ ҚҰРАЛДАҒЫ кез келген сауда белгілерін немесе хабарландыруларды алып тастауға, өзгертуге, жауып тастауға немесе бұрмалауға болмайды. БАҒДАРЛАМАЛЫҚ ҚҰРАЛДЫ бөлісуге, таратуға, жалға беруге, сублицензия бойынша беруге, тағайындауға, табыстауға немесе сатуға болмайды.

БАҒДАРЛАМАЛЫҚ ҚҰРАЛДАН тыс оның өнімділігіне әсер ететін бағдарламалық құралдардың, желілік қызметтердің немесе басқа өнімдердің жұмысы жабдықтаушылардың (бағдарламалық құрал жабдықтаушылары, қызмет жабдықтаушылары немесе SONY) шешімі бойынша уақытша немесе біржола тоқтатылуы мүмкін. SONY компаниясы және осындай жабдықтаушылар БАҒДАРЛАМАЛЫҚ ҚҰРАЛ, желілік қызметтер, мазмұндар не басқа өнімдер одан әрі қолжетімді болатынына немесе үзіліссіз не өзгертусіз жұмыс істейтініне кепілдік бермейді.

АВТОРЛЫҚ ҚҰҚЫҚПЕН ҚОРҒАЛҒАН МАТЕРИАЛДАРЫ БАР БАҒДАРЛАМАЛЫҚ ҚҰРАЛДЫ ҚОЛДАНУ

БАҒДАРЛАМАЛЫҚ ҚҰРАЛ өзіңіз және/немесе үшінші тараптар жасаған мазмұнды көруге, сақтауға, өңдеуге және/немесе қолдануға мүмкіндік беруі мүмкін. Мұндай мазмұн авторлық құқықпен, басқа зияткерлік меншік туралы заңдармен және/немесе келісімдермен қорғалуы мүмкін. БАҒДАРЛАМАЛЫҚ ҚҰРАЛДЫ барлық осындай заңдарға және келісімдерге сәйкес түрде ғана қолдануға келісесіз. SONY компаниясы БАҒДАРЛАМАЛЫҚ ҚҰРАЛМЕН сақталған, өңделген немесе қолданылған кез келген мазмұнның авторлық құқығын қорғау үшін тиісті шараларды қолдануы мүмкін екенін қабылдайсыз және соған келісесіз. Мұндай шараларға БАҒДАРЛАМАЛЫҚ ҚҰРАЛДЫҢ кейбір мүмкіндіктері арқылы сақтық көшірме жасау және қалпына келтіру әрекеттерінің жиілігін есептеу және сіз БАҒДАРЛАМАЛЫҚ ҚҰРАЛДЫ заңсыз қолданған жағдайда, Лицензиялық келісімді тоқтату шаралары жатады (бұлармен шектелмейді).

МАЗМҰН ҚЫЗМЕТІ

БАҒДАРЛАМАЛЫҚ ҚҰРАЛ БІР НЕ ОДАН КӨП МАЗМҰН ҚЫЗМЕТТЕРІ («МАЗМҰН ҚЫЗМЕТІ») АРҚЫЛЫ ҰСЫНЫЛҒАН МАЗМҰНМЕН БІРГЕ ҚОЛДАНЫЛАТЫНДАЙ ЖОБАЛАНҒАН БОЛУЫ МҮМКІН ЕКЕНІН ДЕ ЕСКЕРІҢІЗ. ҚЫЗМЕТТІ ЖӘНЕ МАЗМҰНДЫ ҚОЛДАНУ СОЛ МАЗМҰН ҚЫЗМЕТІНІҢ ПАЙДАЛАНУ ШАРТТАРЫНА БАҒЫНАДЫ. СОЛ ШАРТТАРДЫ ҚАБЫЛДАУДАН БАС ТАРТСАҢЫЗ, БАҒДАРЛАМАЛЫҚ ҚҰРАЛДЫ ҚОЛДАНУ МҮМКІНДІГІҢІЗ ШЕКТЕЛЕДІ. БАҒДАРЛАМАЛЫҚ ҚҰРАЛ арқылы қол жеткізілетін кейбір мазмұн мен қызметтерді үшінші тараптар ұсынуы мүмкін екенін және SONY компаниясының сөзі оларға жүрмейтінін қабылдайсыз және соған келісесіз. МАЗМҰН ҚЫЗМЕТІН ҚОЛДАНУ ҮШІН ИНТЕРНЕТ БАЙЛАНЫСЫ ҚАЖЕТ. МАЗМҰН ҚЫЗМЕТІ КЕЗ КЕЛГЕН УАҚЫТТА ТОҚТАТЫЛУЫ МҮМКІН.

ИНТЕРНЕТ БАЙЛАНЫСЫ ЖӘНЕ ҮШІНШІ ТАРАП ҚЫЗМЕТТЕРІ

БАҒДАРЛАМАЛЫҚ ҚҰРАЛДЫҢ кейбір мүмкіндіктеріне қол жеткізу үшін интернет байланысы қажет болуы мүмкін екенін және оған тек өзіңіз жауап беретініңізді қабылдайсыз және соған келісесіз. Оған қоса интернет байланысына қатысты кез келген үшінші тарап ақыларын, оның ішінде (бұлармен шектелмейді) интернет қызметі жабдықтаушысының немесе қолдану уақытының ақыларын төлеу үшін тек сіз жауап бересіз. БАҒДАРЛАМАЛЫҚ ҚҰРАЛДЫ қолдану мүмкіндігі интернет байланысының және қызметінің мүмкіндіктеріне, жылдамдығына немесе техникалық шектеулеріне байланысты шектеулі болуы мүмкін. Осындай интернет байланысының ұсынылуы, сапасы және қауіпсіздігі үшін сол қызметті ұсынатын үшінші тарап қана жауапты.

ЭКСПОРТТАУ ЖӘНЕ БАСҚА ЕРЕЖЕЛЕР

Тұрғын аймағыңыздың немесе еліңіздің тиісті экспорттау және қайта экспорттау шектеулері мен ережелерін сақтауға, сондай-ақ осындай шектеулерді не ережелерді бұзып, БАҒДАРЛАМАЛЫҚ ҚҰРАЛДЫ тыйым салынған елдерге жібермеуге не жіберуге рұқсат бермеуге келісесіз.

ТӘУЕКЕЛІ ЖОҒАРЫ ЖҰМЫСТАР

БАҒДАРЛАМАЛЫҚ ҚҰРАЛ бұзылуға төзімді емес және БАҒДАРЛАМАЛЫҚ ҚҰРАЛДЫҢ істен шығуы салдарынан адамдар мерт болуы, жарақат алуы немесе мүлікке не қоршаған ортаға қатты зақым келуі мүмкін ядролық нысандарды, ұшақ навигациясын не байланыс жүйелерін, әуе трафигін басқару, тікелей жан сақтау не қару-жарақ жүйелерін қолдану сияқты тоқтаусыз жұмыс істеуді талап ететін қауіпті орталарда («ТӘУЕКЕЛІ ЖОҒАРЫ ЖҰМЫСТАР») желілік басқару жабдығы ретінде қолданылу немесе қайта сатылу үшін жобаланған, өндірілген не арналған емес. SONY компаниясы, ҮШІНШІ ТАРАП ЖАБДЫҚТАУШЫЛАРДЫҢ барлығы және олардың тиісті еншілестерінің барлығы ТӘУЕКЕЛІ ЖОҒАРЫ ЖҰМЫСТАРҒА жарамдылыққа қатысты кез келген анық не ұйғарынды кепілдіктен, міндеттемеден немесе шарттан анық бас тартады.

БАҒДАРЛАМАЛЫҚ ҚҰРАЛДЫҢ КЕПІЛДІККЕ ҚОСЫЛМАУЫ

БАҒДАРЛАМАЛЫҚ ҚҰРАЛДЫ қолдану тәуекелдеріне өзіңіз ғана жауапты болатыныңызды қабылдайсыз және соған келісесіз. БАҒДАРЛАМАЛЫҚ ҚҰРАЛ «СОЛ КҮЙІНДЕ», ешқандай кепілдіксіз, міндеттемесіз немесе шартсыз беріледі.

SONY КОМПАНИЯСЫ ЖӘНЕ ҮШІНШІ ТАРАП ЖАБДЫҚТАУШЫЛАРДЫҢ БАРЛЫҒЫ (осы Бөлімде SONY компаниясы және ҮШІНШІ ТАРАП ЖАБДЫҚТАУШЫЛАРДЫҢ барлығы бірге «SONY» деп аталады) БАРЛЫҚ АНЫҚ НЕМЕСЕ ҰЙҒАРЫНДЫ КЕПІЛДІКТЕРДЕН, МІНДЕТТЕМЕЛЕРДЕН НЕМЕСЕ ШАРТТАРДАН, ОНЫҢ ІШІНДЕ (БҰЛАРМЕН ШЕКТЕЛМЕЙДІ) САТУҒА ЖАРАМДЫЛЫҚҚА, ҚҰҚЫҚТАРДЫ БҰЗБАУШЫЛЫҚҚА ЖӘНЕ БЕЛГІЛІ БІР МАҚСАТҚА ЖАРАМДЫЛЫҚҚА ҚАТЫСТЫ ҰЙҒАРЫНДЫ КЕПІЛДІКТЕРДЕН АНЫҚ БАС ТАРТАДЫ. SONY МЫНА ЖАҒДАЙЛАРДЫҢ ЕШҚАЙСЫНА КЕПІЛДІК БЕРМЕЙДІ ЖӘНЕ ОЛАРДЫҢ ДҰРЫС БОЛУЫН МӘЛІМДЕМЕЙДІ: (A) КЕЗ КЕЛГЕН БАҒДАРЛАМАЛЫҚ ҚҰРАЛДАҒЫ ФУНКЦИЯЛАРДЫҢ ТАЛАПТАРҒА СӘЙКЕС КЕЛУІ НЕМЕСЕ КЕЛЕШЕКТЕ ЖАҢАРТЫЛУЫ, (B) КЕЗ КЕЛГЕН БАҒДАРЛАМАЛЫҚ ҚҰРАЛДЫҢ ДҰРЫС НЕ ҚАТЕСІЗ ЖҰМЫС ІСТЕУІ НЕМЕСЕ КЕЗ КЕЛГЕН АҚАУЛАРДЫҢ КЕЛЕШЕКТЕ ЖӨНДЕЛУІ, (C) БАҒДАРЛАМАЛЫҚ ҚҰРАЛДЫҢ БАСҚА БАҒДАРЛАМАЛЫҚ ҚҰРАЛДЫ, ЖАБДЫҚТЫ НЕ ДЕРЕКТІ ЗАҚЫМДАМАУЫ, (D) БАҒДАРЛАМАЛЫҚ ҚҰРАЛДЫҢ ЖҰМЫС ІСТЕУІНЕ ӘСЕР ЕТЕТІН КЕЗ КЕЛГЕН БАҒДАРЛАМАЛЫҚ ҚҰРАЛДЫҢ, ЖЕЛІЛІК ҚЫЗМЕТТЕРДІҢ (ОНЫҢ ІШІНДЕ ИНТЕРНЕТ) НЕ ӨНІМДЕРДІҢ (БАҒДАРЛАМАЛЫҚ ҚҰРАЛДАН ТЫС) ОДАН ӘРІ ҚОЛЖЕТІМДІ БОЛУЫ, ҮЗІЛМЕУІ НЕ ӨЗГЕРМЕУІ ЖӘНЕ (E) БАҒДАРЛАМАЛЫҚ ҚҰРАЛДЫ ҚОЛДАНУДЫҢ НЕ ҚОЛДАНУ НӘТИЖЕЛЕРІНІҢ ДҰРЫС, ДӘЛ НЕ СЕНІМДІ БОЛУЫ. SONY НЕ SONY КОМПАНИЯСЫНЫҢ ӨКІЛІНІҢ АУЫЗША НЕ ЖАЗБАША БЕРГЕН АҚПАРАТЫ НЕ КЕҢЕСІ КЕПІЛДІК, МІНДЕТТЕМЕ НЕ ШАРТ БОЛЫП ЕСЕПТЕЛМЕЙДІ ЖӘНЕ ОСЫ КЕПІЛДІКТІҢ АУҚЫМЫН ЕШБІР ТҮРДЕ АРТТЫРМАЙДЫ. БАҒДАРЛАМАЛЫҚ ҚҰРАЛ АҚАУЛЫ БОЛЫП ШЫҚСА, ҚАЖЕТ БОЛАТЫН ҚЫЗМЕТ КӨРСЕТУ, ЖӨНДЕУ НЕМЕСЕ ТҮЗЕТУ ШЫҒЫНДАРЫН ӨЗ МОЙНЫҢЫЗҒА АЛАСЫЗ. КЕЙБІР ЮРИСДИКЦИЯЛАРДА ҰЙҒАРЫНДЫ КЕПІЛДІКТЕРДІ АЛЫП ТАСТАУҒА РҰҚСАТ БЕРІЛМЕЙДІ, СОНДЫҚТАН ОСЫ ЕРЕКШЕ ЖАҒДАЙЛАР СІЗГЕ ҚАТЫСТЫ БОЛМАУЫ МҮМКІН.

ЖАУАПКЕРШІЛІК ШЕКТЕУІ

SONY ЖӘНЕ ҮШІНШІ ТАРАП ЖАБДЫҚТАУШЫЛАРДЫҢ ЕШҚАЙСЫ (осы Бөлімде SONY компаниясы және ҮШІНШІ ТАРАП ЖАБДЫҚТАУШЫЛАРДЫҢ барлығы бірге «SONY» деп аталады) КЕЗ КЕЛГЕН АНЫҚ НЕ ҰЙҒАРЫНДЫ КЕПІЛДІКТІ БҰЗУ, КЕЛІСІМШАРТТЫ БҰЗУ, НЕМҚҰРАЙДЫЛЫҚ, ҚАТАҢ ЖАУАПКЕРШІЛІК САЛДАРЫНАН НЕ БАҒДАРЛАМАЛЫҚ ҚҰРАЛҒА ҚАТЫСТЫ КЕЗ КЕЛГЕН ЗАҢ ТЕОРИЯСЫ БОЙЫНША ТУЫНДАҒАН КЕЗДЕЙСОҚ НЕ ЖАНАМА ЗАЛАЛҒА, ОНЫҢ ІШІНДЕ (БҰЛАРМЕН ШЕКТЕЛМЕЙДІ) ПАЙДАДАН АЙЫРЫЛУ, КІРІСТЕН АЙЫРЫЛУ, ДЕРЕКТЕН АЙЫРЫЛУ, БАҒДАРЛАМАЛЫҚ ҚҰРАЛДЫ НЕ КЕЗ КЕЛГЕН ҚАТЫСТЫ ЖАБДЫҚТЫ ҚОЛДАНУ МҮМКІНДІГІНЕН АЙЫРЫЛУ, БОС ТҰРУ УАҚЫТЫ ЖӘНЕ ПАЙДАЛАНУШЫ УАҚЫТЫ САЛДАРЫНАН ТУЫНДАҒАН КЕЗ КЕЛГЕН ЗАЛАЛҒА, ТІПТІ МҰНДАЙ ЗАЛАЛ ТУЫНДАУЫ МҮМКІН ЕКЕНІ ТУРАЛЫ ХАБАРЛАНҒАН ЖАҒДАЙДА ДА, ЖАУАПТЫ БОЛМАЙДЫ. КЕЗ КЕЛГЕН ЖАҒДАЙДА ОЛАРДЫҢ ОСЫ ЛИЦЕНЗИЯЛЫҚ КЕЛІСІМНІҢ КЕЗ КЕЛГЕН ЕРЕЖЕСІНЕ СӘЙКЕС ЖАЛПЫ ЖАУАПКЕРШІЛІГІ ӨНІМ ҮШІН ТӨЛЕНГЕН НАҚТЫ СОМАМЕН ШЕКТЕЛЕДІ. КЕЙБІР ЮРИСДИКЦИЯЛАРДА КЕЗДЕЙСОҚ НЕ ЖАНАМА ЗАЛАЛДАРДЫ АЛЫП ТАСТАУҒА НЕ ШЕКТЕУГЕ РҰҚСАТ БЕРІЛМЕЙДІ, СОНДЫҚТАН ЖОҒАРЫДАҒЫ ЕРЕКШЕ ЖАҒДАЙ НЕ ШЕКТЕУ СІЗГЕ ҚАТЫСТЫ БОЛМАУЫ МҮМКІН.

АВТОМАТТЫ ТҮРДЕ ЖАҢАРТУ МҮМКІНДІГІ

SONY компаниясының не үшінші тарап серверлерімен не басқа жолмен әрекеттескен кезде, кейде SONY компаниясы немесе ҮШІНШІ ТАРАП ЖАБДЫҚТАУШЫЛАР БАҒДАРЛАМАЛЫҚ ҚҰРАЛДЫ автоматты түрде жаңартуы немесе басқаша өзгертуі мүмкін, ол қауіпсіздік функцияларын күшейту, қателерді түзету және функцияларды жақсарту үшін жасалады (бұлармен шектелмейді). Осындай жаңартулар не өзгертулер жасалған кезде, БАҒДАРЛАМАЛЫҚ ҚҰРАЛДЫҢ мүмкіндіктері не басқа аспектілері, оның ішінде (бұлармен шектелмейді) сіз сенім артқан функциялар жойылуы немесе олардың сипаты өзгеруі мүмкін. Осындай әрекеттер SONY компаниясының жеке шешімімен жасалатынын және SONY компаниясы БАҒДАРЛАМАЛЫҚ ҚҰРАЛДЫ одан әрі қолдану үшін оны толығымен орнатуды немесе осындай жаңартуды не өзгертулерді қабылдауыңызды талап етуі мүмкін екенін қабылдайсыз және соған келісесіз. Осы Лицензиялық келісім мақсаттарына сәйкес кез келген жаңартулар/өзгертулер БАҒДАРЛАМАЛЫҚ ҚҰРАЛДЫҢ тұтас бір бөлігі болып есептеледі. Осы Лицензиялық келісімді қабылдаған кезде, осындай жаңартуларға/өзгертулерге келісесіз.

КЕЛІСІМНІҢ ТОЛЫҚ КӨЛЕМІ, МІНДЕТТЕМЕЛЕРДЕН БОСАТУ, КЕЛІСІМ ЕРЕЖЕЛЕРІНІҢ ДАРАЛЫҒЫ

Осы Лицензиялық келісім және SONY компаниясының құпиялық саясаты, олардың кейде енгізілетін өзгертулерін қоса, сіз және SONY компаниясының арасындағы БАҒДАРЛАМАЛЫҚ ҚҰРАЛҒА қатысты толық келісім болып есептеледі. SONY компаниясының осы Лицензиялық келісімдегі кез келген құқығын не ережесін қолдана алмауы сондай құқықтан не ережеден бас тарту болып есептелмейді. Осы Лицензиялық келісімнің кез келген бөлігі жарамсыз, заңсыз немесе іске аспайтын болып шықса, сол ереже осы Лицензиялық келісімнің мақсатын сақтау үшін рұқсат берілген ең көп мөлшерде қолданылады, сондай-ақ басқа бөліктер толық күшін және әсерін сақтайды.

РЕТТЕЙТІН ЗАҢ ЖӘНЕ ЮРИСДИКЦИЯ

Біріккен Ұлттар Ұйымының Тауарлардың халықаралық саудасына қатысты келісімшарттар конвенциясы осы Лицензиялық келісімге қолданылмайды. Осы Лицензиялық келісім заңнама ережелерінің қайшылығына қарамастан Жапония заңдарымен реттеледі. Осы Лицензиялық келісім бойынша туындаған кез келген дау Жапониядағы Токио аудандық сотында ғана қарастырылады және тараптар осы құжатпен осындай соттардың орны мен юрисдикциясына келіседі.

ҚҰҚЫҚТЫҚ ҚОРҒАУ ШАРАЛАРЫ

Осы Лицензиялық келісімде қайшы келетін ережелердің ешқайсына қарамастан, сіз осы Лицензиялық келісімді бұзған не оны сақтамаған жағдайда, SONY компаниясына орны толтырылмайтын зиян келетінін, осы зиянды ақшалай өтеу тиісті болмайтынын, сондай-ақ SONY компаниясы осындай жағдайларда қажетті не тиісті деп есептейтін қамсыздандыру не құқықтық қорғау шараларын қолдануға SONY компаниясына рұқсат бересіз. Оған қоса SONY компаниясы осы Лицензиялық келісімнің бұзылуына жол бермеу және/немесе сақталуын мәжбүрлеу үшін кез келген заңды және техникалық шараларды қолдануы, оның ішінде (бұлармен шектелмейді) SONY компаниясының жеке ұйғарымы бойынша осы Лицензиялық келісімді бұзып отырсыз немесе бұзбақшысыз деп ойласа, БАҒДАРЛАМАЛЫҚ ҚҰРАЛДЫ қолдану мүмкіндігіңізді дереу тоқтатуы мүмкін. Осы шаралар SONY компаниясының заңдарда, құқықтарында немесе келісімшарттарында белгіленген шараларға қосымша болып келеді.

КЕЛІСІМНІҢ КҮШІН ЖОЮ

Сіз осы Лицензиялық келісімнің кез келген шарттарын орындамаған жағдайда, басқа құқықтарының күшін азайтпай, SONY компаниясы осы Лицензиялық келісімнің күшін жоюы мүмкін. Осылай күші жойылған кезде, БАҒДАРЛАМАЛЫҚ ҚҰРАЛДЫ қолдануды толығымен доғаруға және оның кез келген көшірмелерін жоюға міндеттісіз.

ӨЗГЕРТУ

SONY КОМПАНИЯСЫ АРНАЙЫ SONY ВЕБСАЙТЫНА ХАБАРЛАНДЫРУ ІЛУ, СІЗ БЕРГЕН ЭЛЕКТРОНДЫҚ ПОШТА МЕКЕНЖАЙЫНА ЭЛЕКТРОНДЫҚ ХАТПЕН ХАБАРЛАУ, ЖЕТІЛДІРУ/ЖАҢАРТУ ЖІБЕРУ ПРОЦЕСІНІҢ БІР БӨЛІГІ РЕТІНДЕ ХАБАРЛАУ НЕМЕСЕ КЕЗ КЕЛГЕН БАСҚА ЗАҢДЫ ТҮРДЕ ХАБАРЛАУ АРҚЫЛЫ ЖЕКЕ ШЕШІМІМЕН ОСЫ ЛИЦЕНЗИЯЛЫҚ КЕЛІСІМНІҢ КЕЗ КЕЛГЕН ШАРТТАРЫН ӨЗГЕРТУ ҚҰҚЫҒЫН САҚТАЙДЫ. Енгізілген өзгертуге келіспесеңіз, SONY компаниясына дереу хабарласып, нұсқау алуыңыз керек. Осындай хабарландырудың күшіне енген күнінен кейін БАҒДАРЛАМАЛЫҚ ҚҰРАЛДЫ қолдансаңыз, осындай өзгертуді ұстануға келіскен болып есептелесіз.

ҮШІНШІ ТАРАП БЕНЕФИЦИАРЛАР

ӘР ҮШІНШІ ТАРАП ЖАБДЫҚТАУШЫ осы Лицензиялық келісімдегі өзінің БАҒДАРЛАМАЛЫҚ ҚҰРАЛЫНА қатысты кез келген ережелердің анық белгіленген мақсатты үшінші тарап бенефициары болып есептеледі және сол ережелердің қолданылуын мәжбүрлеуге құқылы болады.


Осы Лицензиялық келісімге қатысты сұрақтарыңыз болса, SONY компаниясына тиісті аймақтың не елдің тиісті SONY байланыс мекенжайына жазу арқылы хабарласуыңызға болады.


Авторлық құқық 2021 Sony Corporation